Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДА.

29.05.2017

ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы

Ақтөбе заң институты тәрбие

жұмысы бөлімінің бастығы

полиция майоры Ж.Ж. Жалғасбай 

Елбасы биылғы Жолдауды еліміздің үшінші жаңғыруына арнаған еді. Енді міне, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялап, көпшілікке ой салды. Мақаланы оқи отырып, көптеген тұшымды ойларға қанық болдық. Еліміздің экономикасы Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде бірте-бірте дамып, бүгінде қарқын алғаны белгілі. Елбасымыз енді рухани жаңғыратын шақ келгенін ұғындырып, санамызға сілкініс жасады. Кемел келешегіміздің алғышартындай болған мақаланың жалпы мазмұны соңғы жылдары елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси-экономикалық, конституциялық реформалармен, ауқымды стратегиялық бағдарламалармен тығыз байланысты. Бүгінде идеологиялық бағытты экономикалық өркендеумен қатар дамытып, өркениетке қадам басып келе жатқанымызды ұқтырды.

Жаһандану процесінде жұтылып кетпес үшін ұлттық құндылықтарымыз бен ерекшеліктерімізді жоғалтпай, ұлттық кодымызды сақтап қалуды көздеп, «Білімнің салтанат құруы» деп аталған бөлімде: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Біз жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз» – деп білім мен ғылымды терең игерген халықтың келешегі кемел болатынына елдің назарын аударып отыр. Бұл тұста, әрине, ел жастарына артылар сенім мол.

Осыған орай, ендігі мақсат – мемлекет берген мүмкіндіктерді пайдалана отырып, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті құқық қорғау саласының мамандарын әзірлеу болып тұр. Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты – өңірге білімді, жан – жақты, патриот, технологиялық жаңалықтарды жетік меңгерген, ойлау қабілеті жоғары мамандар тәрбиелеуге атсалысып келеді және бұл жұмысын әлі де дамыта отырып, жалғастыра бермек. Бұл жұмыстың ажырамас бөлігі құқық қорғау органдары қызметкерінің этикалық бейнесін қалыптастыру, адамгершілік қасиеттері жоғары үйлесімді дамыған тұлғаны тәрбиелеп шығару. Бізде бұған қажетті әлеует пен ресурстар бар.

Рас, бүгінде Отанымыздың жеткен жетістіктері еліміздегі әрбір азаматтың кеудесінде мақтаныш сезімін оятады. Халықтың әлеуметтік ахуалының тұрақтылығы және оның жыл өткен сайын жақсаруы сол жоспарлы істердің нәтижелі жемістері екені анық. Дегенмен, «әттеген-ай» деп сан соққан тұстарымыз да жоқ емес. «Терроризм» сөзінің мәнін түсінбейтін жан жоқ бүгінде. Бұрын – соңды біздің елімізге қатысы жоқтай сезінсек, бүгінде бұл мәселемен бетпе – бет кездесіп отырмыз. Бұның бір шеті отбасындағы тәрбиенің осалдығы болса, бір шетін қоғамның діни сауатының төмендігімен байланыстырамыз.

Иә, бұл қолдан жасалған сыртқы күштердің әсері. Сондықтан, қай тұрғыдан алып қарасақ та, діннің атын жамылған «қасқырлардың» елдің ішіне салған ылаңына тойтарыс беріп, қоғамда қауіпсіздіктің өркен жаюын қамтамасыз ету-басты шарт. «Қайғысын көптің тартпасаң, көк тиын құның тұрмай ма?» деген ұстаныммен өмір сүріп келе жатқан ұлы ұрпақтың өкіліміз. Өңірімізде тағы бір сынақ орын алып отыр. Қызыл су ел – жұртты әбігерге салған уақытта елдігіміз тағы да сыналуда. Жерлестеріміз ауызбіршілік танытып, дүние – мүлкі суға кеткендерге көмек қолын созуда.

Осындай сын сағатта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сабырлылық пен ауызбіршілік таныту да біздің ұлтымыздың даналығы деп білемін. Елбасымыз, осындай озық дәстүрлерімізді ұлықтап, тозығы жеткенімен қош айтысуды айтып отыр.

Сондықтан қай істе де қазақтығымызбен ерекшелену басты мұрат болуы керек.

 
07 IMG_6427 IMG_9651 IMG_20180511_112017 IMG_6124