Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

Наурыз – жақсылықтың жаршысы, тіршіліктің бастауы

Наурыз мерекесі күні – қасиетті күн. Данышпан ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың айрықша белгілерін ескере отырып белгілеген. Наурыз айын ерекше қасиеті бар ай ретінде бағалаған.  Күн мен түн теңелетін күн, төрт түлік мал төлдейтін ай, табиғаттағы барлық жәндіктер мен өсімдіктерге жан бітетін ай. Қыстың соңы, көктемнің басы жыл құстары келе бастайды.  Самарқанның көк тасы жібитін күн. Сол себептен де табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын терең ұғына білген ата-бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген.  Наурыз шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің,  бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған.  Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған.  Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным  ұғымдарының үлгі түрлері өте көп.  Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Наурыз мерекесін асыға күтетініміз, ерекше даярланатынымыз содан болса керек. 

Әдеттегідей Ақтөбе заң институты да Наурыз мерекесін ерекше тойлады. Институт алаңына ақ шаңқан ағаш үйлер тігіліп, наурыздың нышаны наурыз көже асылып, институт қызметкерлерінің балалары алаңды толтырып, сурет салып, мәз-мейрам болысты. Мереке институт бастығы полиция полковнигі Сәлімгерей Иманғалиұлы Қаракүшевтің және Ардагерлер кеңесінің мүшесі Санабай Рзабекұлы Рзабековтың батасымен бастау алды. Жақсы тілектер мен жағымды сөздер айтылып, қазақтың ұлттық аспаптарының сүйемелдеуімен ән-күйлер орындалып, наурыздың көркін қыздырды. Концерттік бағдарламадан өзге спорттық ойын-сауықтан жарыс ұйымдастырылып, алтыбақанды жастар толтырып, қуанышты күлкілер көк аспанды жаңғыртты.

Мереке соңында алдын ала жарияланған институтішілік конкурстың қорытындысы шығарылып, нәтижесінде орындар тағайындалып, марапаттар мен сыйлар ұсынылды. Қазақтың ұлы мерекесін жиылған жұрт ерекше көңіл-күйде әрі тойлауды жалғастырып, кйіз үйлерде жайылған ақ дастарханнан дәм ауыз тиді. Ұлттық спорттық ойындардан бәйге жарияланып, төрешілердің көмегімен жеңімпаздар анықталды.

Қазақтың салт-дәстүрлерінен, атап айтар болсақ, «Құда түсу», «Қыз ұзату», «Беташар», «Бесікке салу» және «Тұсау кесу» дәстүрлерінен көріністер тамашалап, ақ дастархандағы ұлттық астың дәмін татып, ерекше мерекелік көңіл-күйге бөленген институт қызметкерлері мен отбасы мүшелері ұлтымыздың ғұрыптарын дәріптеп, ұлттық сана-сезімдер мен асыл да имандылық қасиеттерді бойына жиып, дүбірлі тойды шат-шадыман көңіл-күймен аяқтады.

 Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесінің инспекторы   Ақжүніс Жәленова

 
03070277 IMG_4282