Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

Салт-дәстүр – берекенің бастауы

Салт-дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Б.Момышұлы «мен өзімнің  ұрыстағы тәжірибемнен жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті» деп жазады. Бұдан отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, адамгершілік қасиеттердің бәрі салт-дәстүр арқылы даритынын түсінуге болады. Яғни, салт-дәстүр адамды адастырмас тура жолмен жүруге, жөн-жосықты біліп, үйренуге және өмірде  қолдануға үгіттейтін мызғымас заң. Осы заңды ұғындыру негізінде 2017 жылдың 16 наурызында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесінің ұйымдастыруымен Ұлыстың ұлы мейрамы қарсаңында, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында институттың курсанттары арасында «Салт-дәстүр – берекенің бастауы» атты танымдық сайыс өткізілді. Курсанттар «Мақал – сөз мәйегі», «Сиқырлы ұяшық», «Дыбыстар сөйлейді», «Сандар сөйлейді» деп аталатын кезеңдер бойынша сұрақтарға жауап беру арқылы үлкенге – сәлем, қуантқанға – сүйінші, соғымнан – сыбаға, егіннен – кеусен, малдан – көгендік, балаға – базарлық, кішіге – байғазы, сәбиге – көрімдік, көрші қонғанға – ерулік, жетім-жесірге – қолқайыр, мүсәпірге – садақа, алғашқы қымыздан – қымызмұрындық, қуанышқа – шашу шашып, ешқашан салт-дәстүрді ұмытпау керектігін ұғынды.

Қазақтың салт-дәстүрлеріне деген қызығушылықтарын қалыптастырып, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың тәрбиелік мәнін ұғындырып, олардың бойына адамгершілік, имандылық қасиеттерін қалыптастыруды мақсат тұтқан сайыста оқ бойы озық шығып, 1-орынды Абзал Әзімхан, 2-орынды Уапов Махамбет иеленсе, 3-орынды Мұхаметжан Ботабек місе тұтты.

Сайыс соңында мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесінің инспекторы Ақжүніс Жәленова «Қазағымның салт-дәстүрлері-ай» әсем әнін орындап, жеңімпаздар грамоталармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесінің инспеторы                                Ақжүніс Жәленова.

 
IMG-20181025-WA0011