Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

Алғашқы кәсіптік даярлық курсына тыңдаушылардың келуі

2019 жылғы 16 қыркүйекте Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын жүзеге асыруда Қазақстан Республикасының әртүрлі облыстарынан әкімшілік полиция, патрульдік полиция, учаскелік полиция инспекторлары және кәмелетке толмағандардың істері бойынша учаскелік инспектор санаттары бойынша орта басшы құрам мен кіші басшы құрам лауазымына үш айлық курс бойынша оқуға келген 152 тыңдаушы алғашқы кәсіптік даярлықтан өтеді.

Тыңдаушылар ІІО-ға алғашқы түскен тұлғалар үшін алғашқы кәсіптік даярлықтың үлгілік оқу жоспарына және тақырыптық жоспарына сәйкес келесі пәндер бойынша білім алады: кәсіптік даярлық, криминалистика негіздері, психологиялық даярлық, арнайы техника, күрестің әскери тәсілдері, іс жүргізу, атыс даярлығы, саптық даярлық, адам құқығы, дене шынықтыру даярлығы, тактикалық-арнайы даярлық.

Тыңдаушыларға қосымша білім беру мақсатында оқыту бағдарламасына жол-техникалық жағдайлар мен жол қозғалысының қауіпсіздігі, сөйлеу мәдениеті мен шешендік өнер бойынша факультативтік курстардан бағдарламалар жасалып, енгізілді.

Тыңдаушыларды оқытудың басты мақсаты — олардың заманауи жағдайға және тұрғындардың қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бойынша қажеттіліктерін қанағаттандыру талаптарына сәйкес келетін жеке және кәсіптік қасиеттерін дамыту.