«Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді.»
Қазақстан Республикасы Президенті
Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге
қабілеттілік»Қазақстан халқына Жолдауынан
Жас мемлекетке әлем кеңістігінде қанатты еркін жайып, биікке самғау оңай шаруа емес. Еліміз егемендік алып, халқымыз ғасырлар бойы көксеген арманға жеткен тұста ел тәуелсіздігінің тұғырын нықтау алғышарттарының бірі – ол, әрине, қауіпсіздік мәселесі. Отанымыздағы көп салалы құрылымдардың бірі ретінде де құқық қорғау саласының орны ерекше. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап елімізде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, қылмыспен күресті күшейтуде полиция қызметкерлері қажырлы еңбек етіп келеді. Олар өз міндеттерін адал атқарып, қылмыскерлерді құрықтауда өмірлеріне қауіп төнсе де, аянған емес. Себебі елдегі қылмысқа тосқауыл қойып, азаматтарымыздың бостандығы мен құқықтарын қорғай отырып тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз етуінің арқасында халық бейбіт тіршілік етіп, алаңсыз өмір сүруде.
Осы жауапты қызметті жолға қоюдың басқы қадамы – 1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. Аса маңызды жетістікке қол жеткізген сәттерден бастап-ақ ішкі істер органдары қызметкерлеріне ауыр да жауапты жұмыс жүктелді. Тәуелсіздігіміздің туын көтеріп, оның қазығының мықтылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету аманат болды.
Қазір мемлекетіміз өркендеудің жаңа жолына, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне бет алды. Елдің қарқынды дамуына Елбасымыздың бекіткен көптеген жаңа экономикалық бағдарламалары, жобалары, жоспарлары, жыл сайынғы Жолдаулары оң серпін беріп отырғаны баршамызға аян. Ол құжаттарда айқын көрсетілген өркениетті, дамыған отыз елдің қатарына қосылудың бағыттары және нәтижеге жету жолдары ішкі істер органдарында да басшылыққа алынып, қарқынды жүзеге асырылуда.
Олардың бірі – «Мәңгілік ел» идеясы – халықтың әл-ауқатын жақсартып, ынтымағын арттыратын, елді дамудың жаңа сатысына жетелейтін жаңа қадам. «Мәңгілік ел» идеясының маңыздылығын Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауының негізі етіп алып, «Басты мақсат –Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті… Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр» деп атап өтті. Ал ел тыныштығы мен бірлігі – тәртіп сақшыларының ұстанатын басты қағидасы десем артық болмас. Қоғамдық қауіпсіздік мәселелері елдегі экономиканың дамуымен, жұмыссыздық пен кедейліктің азаюымен, заңды жобалық жұмыстар сапасын жақсарту бойынша инновациялық технологияны және жүйелі жұмыспен материалдық-техникалық базаны нығайтумен шешімін табуда.
Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында «Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз.» деп көрсетті. Мемлекетіміздің жаңғыру жолдары оң нәтижесін бергендігінің ең басты көрсеткіші – еліміздегі бейбітшілік. Жаһандану дәуірінде жаңа даму жолына түсуде әрбір елін сүйетін азамат Ұлттық идеяны, тарихи мұра қазыналарын сақтап, қалыптасқан дәстүріміз бен рухани құндылықтардың қасиетін жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа аманат етуге атсалысуы керек. Тәуелсіздігімізді, ата-бабамыздың мұрасы – басты байлығымыз жерімізді, тілімізді, ділімізді қорғап, келешекке жеткізіп, Мәңгілік Ел жасайтын жастарды тәрбиелеу біздің мақсатымыз. Сол мақсатқа жету үшін, Қазақ елінің айбынын асқақтатып, ең алпауыт мемлекеттермен бәсекеге қабілеттілердің қатарына қосылуда жеріміздегі ұлтаралық келісім, саяси тұрақтылық, ынтымақтастықты сақтай отырып, көптеген нәтижеге жете аламыз.
Елдiң iшкi iстер органдарының тарихы – бұл Қазақстан тарихының бiр бөлiгi. Тәуелсіздік таңы атқалы полиция сапында қызмет атқаратын азаматтардың қатарын толтыруда Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының да үлесі зор. Егемендігіне бар-жоғы 5 жыл толған, қалыптасу жолында көптеген қиыншылақтарды бастан кешіп отырған жас мемлекетте 1996 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай жоғарғы мектебінің Ақтөбе филиалын жасақтау туралы күрделі шешім қабылданды. Себебі, жас мемлекеттің қауіпсіздігін сақтайтын кәсіби мамандар сол кездегі басты қажеттіліктердің және мемлекет іргетасын нығайтудың маңызды факторларының бірі еді. Институт Ішкі істер министрлігінің, жергілікті басқару органдары мен жекелеген басшылардың орасан зор қолдауымен ашылған оқу орны бірнеше рет жоғарылау сатыларынан өткен, еліміздің Батыс өңіріндегі құқық қорғау органдарына кәсіби маман даярлап шығаратын бірден-бір жоғары оқу орны. Бүгінде оқу ордасы ғылымның үздік дәстүрлерін жалғастырып, жоғары білімді ішкі істер органдарының мамандарын дайындау мен қызметкерлердің біліктілігін арттыру жұмыстары бойынша республикада сүбелі үлес қосты және қалыптасқан мезгілінен бері 4000-нан астам түлектер диплом алып шықты. 20 жыл аз уақыт болып көрінгенімен, оқу орны біраз асулардан өтіп, көптеген жетістіктерге жетті.
Қазіргі таңда институтта Ішкі істер министрлігінің зор қолдауымен оқу үрдісіндегі жаңа технологияларды жетілдіру бойынша да толассыз жұмыстар атқарылуда. Оқытылып отырған заңдық емес жоғарғы білімнен кейінгі берілетін 2 жылдық қысқартылған білім беру бағдарламасымен оқыту да жаңашылдық болып табылады. Үстіміздегі 2017 жылдан бастап орта білімнен кейінгі жоғарғы білімді жүзеге асырмақпыз.
Оқу орнымыздың бұлжымас басым бағыты – ІІО аумақтық бөліністеріне азаматтардың бостандығы мен құқықтарын, мемлекет пен қоғам мүдделерін сауатты қорғай білетін, қоғамдық тәртіп және заманауи болмысты ескере отырып, қылмыспен күресті қамтамасыз етуге қабілетті жоғары кәсіби мамандарды дайындау. Институтта осы бағытта толыққанды ведомстволық жоғары білім алуға барлық жағдай жасалған. Жүргізіліп отырған оқу-әдістемелік, кадрлық және тәрбиелік жұмыстарда Елбасымыздың белгілеп берген бағдарламаларына, Жолдауларына, теориялық білімді тәжірибенің қажеттілігін өтеуге мейлінше жақындатып оқыту туралы ІІМ бұйрықтарына, ережелері мен нұсқауларына сәйкес білім алушылардың заманауи білім мен қажетті тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға аса көңіл бөлінеді.Сонымен қатар инновациялық құрал-жабдықтармен және техникалық құрылғылармен жабдықтау жұмыстары да болашақ мамандарды ІІО қызметіне қатысты заманауи, жетілдірілген ақпараттық технологиялармен тиімді оқытуға бағытталған. Айта кетсек, институттың профессорлық-оқытушылық құрамы саламызға байланысты көптеген шетелдік, таяу шетелдердің озық тәжірибесін оқу үдерісіне енгізу мақсатында халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференцияларды жиі өткізіп, нәтижесінде ғылыми жаңашылдықтар мен ізденістерге арқау етіп, еңбектерін үнемі жариялап, еліміздегі құқық қорғау саласының мамандарын даярлау ісіне өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді.
Елбасының «100 нақты қадам» – жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспарының 30-қадамында «Жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін Жергілікті полиция қызметін құру. Жергілікті полиция қызметінің өкілеттілігі: қоғамдық тәртіпті қорғау мәселелері, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол-бақылау қызметі, ұсақ құқық бұзушылыққа атымен төзбеушілік.» делінген.
Қазіргі таңда институтымызда жергілікті полиция қызметіне де мамандар дайындалып, бұл қадамның да жүзеге асырылу жұмысына қатысып отырмыз. Бұл да оқу процесінің бір орында тұралап қалмай, заман талабына сай дамуының және Елбасы белгілеген межелерге дер кезінде жету мен жүзеге асуының айғағы.
Тағы бір атап өтетін мәселе, жаһандану ғасырындағы түрлі өзгерістер мен жаңалықтар еліміздегі барлық салаларға тың ізденістерді қажет етіп отыр. Келешекке терең біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген құзіретті тұлғаны қалыптастыру басты мақсаттардың бірегейі. «Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз– егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру»,-деп Елбасымыздың Жолдауында айтылғандай, еліміз қай салада болмасын қарқынды дамуда. Білім беру жүйесінде модернизацияланған заманда көп тілді меңгертуге аса назар аударылып, жан-жақты жол ашылды. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі.
Елбасымыздың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Халқына Жолдауында: “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар – қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деп көрсеткендей, әлемдік кеңістікке енуде ағылшын тілінің маңызы зор. Ағылшын тілін білу біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. Бүгінде оны қолдануға жан-жақты күш салынуда. Осы жобаны игеру мақсатында біздің оқу орнымыз да үштілділікті енгізудің, оны тиімді жүргізудің тың жолдарын ізденіп, енгізуге қадамдар жасауда.
Сонымен қоса «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын да халық даму факторларын айқындайтын негізгі бағдарламалық құжат іспеттес қабылдады. Мақалада көрсетілген қазіргі таңдағы өзекті қоғамдық-саяси және мәдени-адамгершілік бағыттағы нақты шаралар – идеяны шынайы іске асыруға бағытталған. Себебі қазақ елінің рухани мәдениеті – қуатты идеология. Рухты жаңғырту – біздің еліміздің бірегейлігін сақтауға және сонымен қатар діни экстремизм мен сепаратизмге, әлемдік қақтығыстардың жаңа түрлеріне қарсы мықты қалқан болмақ. Әлемдегі жаһандану үдерісі, қолжетімді ақпараттар легі жастардың бойында теріс ағымдағы идеологияларға қарсы тұра білетін қабілетті тәрбиелеуді қажет етеді. Адамдардың теріс әрекеттерге барып, қоғам мен азаматтардың өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге баруы жан-жақты сауаттылықтың жетіспеушілігі.
Қарқынды дамудың айқын жолдарының бір тармағы болып отырған біздің Тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін EXPO-2017 көрмесі өтуінің маңызы өте зор, ол бүкіләлемдік аренада Қазақстанның танылуы мен туристік тартымдылығын арттыруға, біздің халқымыздың қонақжайлылығын көрсетуге бағытталған. Осындай ауқымды шараның нәтижесінде әрбір қазақстандық жеңіске жететінімізге сенеді және Көрмелердің халықаралық бюросы делегаттары оң жауап беретіндігіне үміттенеміз. Көрме өткізу, сонымен қатар елорданың, тұтастай еліміздің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы үшін қосымша стимул болып, жеңіске жетелейді. Өйткені, біз үшін қай істе, қай салада болмасын жеңіс маңызды.
Күннен күнге дамып жатқан заманауи технологияларды тиімді пайдалану үкіметтік деңгейде қолға алынса, біздің дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділігімізді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік туар еді. Сонда біз қоршаған ортаны зиянды қалдықтардан қорғап қана қоймай, көптеген жұмыс орнын құрып, сатып алу қабілеттілігін арттыра аламыз.
Институт қабырғасында берілетін біліммен қатар мәдени, рухани-адамгершілік тәрбие жұмыстары да жалғастырылуда. Әрине, алға қойылған ең батыл жоспарлар мен идеялардың, міндеттер мен мақсаттардың оңтайлы жүзеге асырылуы институт ұжымының мақсаткерлігі, жасампаз жігері, үлкен шығармашылық ізденісі мен жоғары кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады» деп Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев атап көрсеткендей, Қазақстан полициясының 25 жыл ішінде жүріп өткен жолын шолып өтсек, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жүйесін барынша ілгерілетіп, әлемдік озық тәжірибелерді жинақтап, іске қосу арқылы жандандырылуы мен тынымсыз жұмыстар арқылы халық сенімін арттырды. Елдігімізбен қатар бой көтеріп, бейбіт өмірде қарапайым халықтың амандығы үшін кез келген уақытта қорғауға беріле кірісіп, өз өмірлерін қатерге тігуге әрқашанда дайын тәртіп сақшыларының барша қазақстандықтардың алдында абыройлары күн санап өсіп отырғандығы сақшылардың күнделікті табысты еңбектерінің нәтижесі. Полиция сапындағы сақшылардың істері отандық жастарға үлгі болып, ұлттық рухы биік тұлғалар жетіле берсін!
Қазақстан Республикасы ІІМ
М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе
заң институтының бастығы
з.ғ.к. полиция полковнигі
Сәлімгерей Иманғалиұлы Қаракүшев