2018 жылдың 7 қазаны Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының курсанттары үшін ерекше болды.
Жылдың әр мезгілі өз сұлулығымен таңдай қақтырарлықтай. Күздегі табиғат көрінісі де өз алдына ерекше бір сурет іспеттес. Жерге сән беріп тұрған сарғайған жапырақтар, құлаққа жағымды тыныштық… Табиғаттың әрбір ұсақ көрінісінің өзі сұлулықты паш етіп тұрғандай, барлығы сары алтынға айналып кеткендей.
1 «А» курсы өздерінің демалыс күнін осындай ерекше күндері бой жазып, табиғат аясында демалып қайтуға арнады. Бұл күні «Солнечный» демалыс базасына барған тек курсанттар ғана емес, олардың ата-аналары да футбол, волейбол, теннис сияқты спорттық ойындарды ойнауда белсенділік танытты және шағын концерт те ұйымдастырылды. Барлығы бір үйдің баласындай көңіл көтеріп, ән салып, би биледі, өз өнерлерін ортаға салды. Институтымыздың сегіз қырлы, бір сырлы курсанттары табиғат аясында түрлі аспаптарда ойнап, өнерлерін ортаға салды.
1 «А» курсының бастығы полиция капитаны Ш.Т. Елтаев курсанттарға ақыл-кеңесін айтып, игі тілегін білдірді, өз кезегінде курсанттар да өздерінің жүрек жарды тілектерін білдіріп, курс бастығы Ш.Т. Елтаевқа, курс бастығының орынбасары Б.С. Елеусізовке, курс старшинасы Е.Ж. Буранкуловқа, кураторларына алғыстарын айтып, ән арнады. Осы бір тамаша күн курсанттарды одан әрі біріктіріп, достықтарының нығаюына себепші болды. Олардың ынтымақтастықтарының дәлелі «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұран еді. Бұл күннің ерекшелігін айтып жеткізу мүмкін емес.
Курсанттар үшін көзді ашып-жұмғанша өте шыққан демалыс күні осылай аяқталды.
ТЖБ инспекторы
полиция аға лейтенанты
Б.С. Елеусізов