Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесі «Болашаққа қазақ тілімен» іс-шаралар акциясы аясында институттың 1 курс курсанттарына «Сөйлеу әдебі» тақырыбында коучинг-сессия өткізді.
Коучин-сессияның мақсаты курсанттарды сөйлеу әдебін сақтауға, қазақ тілінде еркін сөйлей білуге үйрету, тілдік амалдарды қолдану арқылы ойларын анық және түсінікті жеткізуге дағдыландыру болғандықтан, ең алдымен карточкаларда жазылған қазақтың мақал-мәтелдерінің сөздерін құрастыру арқылы топ құрылды. Әр топтың 2 адамының қатысуымен ситуациялық сұрақтар қойылып, оған берілетін жауаптар да тыңдалды. Одан соң әр топқа сөйлеу әдебіне қоғамдағы қандай жағдаяттар мен оқиғалары әсер етіп жатқандығы жөнінде сұрақтар таратылып, постерге ойларын сурет немесе сызба арқылы түсіріп, ойларымен бөлісіп, қызықты талқылау болды. Одан әрі қоғамдық көлікте, автобус аялдамасында, вокзал кассасында болатын әртүрлі жағдаяттарға байланысты диалог құрап, көрініс көрсетіп, ситуациядан шыға білді. Коучинг-сессия соңында курсанттарға неміс ұлтының өкілі, үш тілде жазатын жазушы Герольд Белгердің мемлекеттік тіл қазақ тілі жөніндегі айтқан мағыналы пікірі айтылған видео көрсетіліп, өз мемлекеттік тілінде еркін әрі әдемі сөйлеу, мемлекеттік тілдің тұғырын көтеру болашақ құқық қорғау саласының мамандары мен жастардың қолында екендігі жөнінде мағыналы ой түйді.
Коучинг-сессияның соңы «Екі жұлдыз, бір тілек» деген атпен курсанттардың алған әсерлері мен бүгінгі сабақтың жұлдызды сәтінің қай тұста өрбігендігін естелікке жазып қалдырумен аяқталды.