Ағымдағы жылдың 14 қарашасында Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының әскери және дене шынықтыру даярлығы кафедрасының профессорлық оқытушылар құрамы мен тәрбие жұмысы бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Дін және қауіпсіздік» (түсінік және заманауи мәселелері)» тақырыбында кеңейтілген дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелді өткізу мақсаты — қазіргі таңдағы дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесінің өткірлігін, жастардың шеттен келген жалған діни көзқарастарға иммунитетінің әлсіздігін, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне туындаған діни экстремизм қаупін ғылыми және аналитикалық ұғыну.
Дөңгелек үстелді институт Ғылыми кеңесінің ғылыми хатшысы, заң ғылымдарының магистрі, полиция майоры Л.Ә. Жұбандықова ашты.
Әрі қарай қонақтарға — Ақтөбе облысы бойынша Дін істері басқармасы бастығының міндетін атқарушы С.С. Мұқановқа, «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының басшысы Н.Б. Жаншинге, Алға аудандық Дін мәселелері және қоғаммен байланыс орталығының басшысы Н.Ш. Разаковқа, «Нұрлы» ақпараттық-кеңес беру орталығының директоры М.М. Құдайбергенге, Ақтөбе қалалық мешітінің бас имамы А.А. Садиевке сөз берілді.
Дөңгелек үстел жұмысы сөз сөйлеу, 1 курс курсанттарымен тренингтер өткізу және бейнероликтерді көрсету нысандарында өткізілді.
Іс-шараның соңында қатысушы қонақтарға алғысхаттар табысталды.
ӘжДШД кафедрасының
аға оқытушысы
полиция майоры А.А. Мергалиев