Самарқанның көк тасын жібітіп, Жер-Ананың төсіндегі тіршілік иелеріне қайтадан жан бітіретін бұл күн біз үшін бәрінен айрықша.
2019 жылғы 24 наурыз күні Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының ұжымы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арнап Ясный ауылы мен 41 разъезд тұрғындарына «Наурыз – жаңару мерекесі» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Институт аумағына киіз үйлер тігіліп, құрметті қонақтар, институт ардагерлері және Ясный ауылы мен 41 разъездің көп балалы аналары мен аз қамтылған жанұялары наурыз көжеден дәм татты. Наурызкөже, бешбармақ, палау және бауырсақ пісіріліп, келушілерге тегін таратылды.
Жастар алтыбақан теуіп, балалар атпен серуендеді. Спортшылар білек сынасып, арқан тартып жарысты. Облыстық халық шығармашылығы үйінің өнерпаздарымен ұйымдастырылған концерттік бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Наурыз – жаңару мерекесі» атты мерекелік іс-шараның мақсаты- қазақ халқының ұлы мерекесін тойлау, білім алушылардың патриоттық сезімдерін ояту, Наурыз мейрамы жөнінде түсінік бере отырып, халқымыздың салт-дәстүрін бойларына дарыту арқылы, шынайылыққа, адамгершілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Аталған шараны ұйымдастыруға институт курсанттарының ата-аналары өз үлестерін қосып, институт басшылығына ризашылықтарын білдіріп, бейресми жағдайда сөйлесті.
ТЖБ инспекторы
полиция аға лейтенанты
Б.Елеусизов