2018 жылғы 3-5 қазанда Талдықорған қаласында талантты, қазақ тілін меңгерген әртүрлі ұлт өкілдерінен шыққан, әр өңірден жиналған полицейлер арасында Қазақстан Республикасының ІІМ орынбасары Берік Бисенқұловтың қатысуымен республикалық «Парасатты полицей» байқауы өтті.
«Парасатты полицей» байқауы Қазақстан Республикасы ІІМ бастамасымен 9-жыл өткізіліп отыр. Байқаудың басты мақсаты ІІО қазақ тілін дәріптеу мен дамыту.
Байқаудың бірінші күні қатысушылар қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан ІІО қызметкерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан бастады. Әрі қарай талдықорғандағы «Рухани жаңғыру» орталығында өткен дөңгелек үстелге қатысып, полицияда қазақ тілінің дамуы талқыланды.
Командалар арасындағы негізгі сайыс 4-5 қазан күндері Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында болды. Командалардың жетекшілері, әр облыстан келген ІІД баспасөз қызметінің басшылары қарттар үйі – Текелі «Шапағат» орталығына барды. Қарттарға сыйлықтардан бөлек, Алматы облысы ІІД үрмелі-аспаптар оркестрінің музыканттарымен концерт ұйымдастырылды.
Байқауға 200 полиция қызметкерлерінен құралған 21 команда қатысты. Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының атынан «Бөкенбаев барыстары» командасы келесі құрамда қатысты: команда капитаны – полиция капитаны З.А.Мухангалиева, мүшелері: полиция майоры А.А.Мергалиев, полиция капитаны Б.Ж.Уайсов, полиция каптаны А.Б. Тулеумухамбетов, полиция капитаны Ж.К.Каирбаев.
Команда 18 номермен өнер көрсетті. Бірінші сайыс «Таныстыру» деп аталды, бұл сайыста әр команда өзінің туған жерімен, команда құрамымен таныстырды. Екінші сайыс Астана қаласының 20-жылдығына арналып, «Сәлем, Астана!» деп аталды. Ал үшінші, соңғы сайыс, капитандар сайысы болды. Бұл сайыста қатысушы тәуелсіздік, Қазақстан және Астана туралы өлеңдерді мәнерлеп оқу керек болатын. Аталған сайыста команда капитаны З.А.Мухангалиева ақын Қ.Сариннің «Тәуелсіздік» өлеңін оқыды.
Байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орынға Шымкент қаласының ІІД «Мегаполис» командасы иеленсе, екінші орынды Қостанай облысы ІІД-нің «Қостанай қырандары» командасы мен Маңғыстау облысы ІІД-нің «Каспий» командасы бөлісті. Үшінші орын Қызылорда облысы ІІД-нің «Айбынды», Ақмола облысы ІІД-нің «Көкше сақшылары» және Көліктегі ІІД-нің «Көлік сақшылары» командаларына бұйырды. Бас жүлде – «Гран при»-ді Солтүстік Қазақстан облысы ІІД-нің «15-ші өңір» командасы иеленді.
Конкурстың жабылу салтанатында Қазақстан Республикасы ІІМ орынбасары Берік Бисенқұлов қатысушыларды жеңістерімен құттықтап, ІІМ арнайы дипломымен және бағалы сыйлығын қатысушы алты командаға ұсынды. Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының «Бөкенбаев барыстары» командасы да аталған арнайы дипломмен және қазақтың ұлттық аспабы қобыз мүсінді бағалы сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар, команда Алматы облысы ІІД-нің бастығы полиция генерал-майоры М.Ұрымхановтың және Алматы облысы әкімі А.Батталовтың алғысхатымен марапатталды.
ТЖБ инспекторы
полиция капитаны
З.А.Мухангалиева