Қазақстан полициясына 25 жыл толу мерейтойының қарсаңында, 2017 жылдың 22 маусымында Қазақстан Республикасының ІІМ-нің М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында бітіруші курсанттарға салтанатты түрде диплом беру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға институттың басшылары, профессорлық-оқытушылық құрамы мен курсанттардың ата-аналары және қонақтар қатысты. Осы жылы жалпы 181 курсантқа диплом ұсынылды. Оның ішінде өте жақсы оқығаны үшін 22 курсантқа үздік дипломы табысталды. Айта кететін болсақ, осыдан 2 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры М.Г.Демеуовтің қатысуымен өткен 2014 жылғы 23 қазандағы Жедел кеңестің 4-тармағын, Қазақстан Республикасының ІІМ «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жоғары оқу орындарының 2015 жылға жасақталуы туралы» 2014 жылғы 25 желтоқсандағы №936 бұйрығын орындау мақсатында, Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының базасында «Құқық» мамандығын қоспағанда, жоғары білімі бар азаматтар үшін қысқартылған білім беру бағдарламасы бойынша эксперименттік оқытуды (2 жылдық оқыту) жүзеге асыруда 2015 жылы ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына 77 курсант оқуға қабылданған болатын. Енді міне, бүгін оқуды сәтті аяқтаған түлектер Қазақстан Республикасының барлық аумағының Ішкі істер департаменттеріне қызметтерін адал атқару үшін бағытталып отыр. Сонымен қатар, бұл салтанатты шараға бітіруші курсанттар мен олардың ата-аналары өз тараптарынан институт басшылығына және профессорлық-оқытушылық құрамына деген алғыстарын білдірді. Салтанатты іс-шараның соңында институтта жылдан жылға жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша жас түлектердің салтанатты саптық шеруі өткізілді.