Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

Қарттарға жылулық пен қамқорлық сыйлайық

4 қазан — халықаралық қарттар күні. Мерекеге орай үлкендерге жылулық пен қамқорлық сыйлау мақсатында М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының курсанттары  қарттар үйіне көмек қолын созуға барды. Қарттарымыз — ұлтымыздың алтын қазынасы, сарқылмас байлығы. Ұрпақ үшін жан аямай күрескен қарттарымызды қадірлеу — біздің басты міндетіміз. Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін де — сол бір қарттар. Қазіргі таңда қарттар үйінде қараусыз қалған қарттар мекен етуде, бұл — ұлтымыздың басты мәселесі. Еліміздің тыныштығын күзетіп, тәуелсіздік алуымызды қалап, жан аямай күрескен ардагер қарттарымыз қаншама. Олардың ерен ерлігі бәрімізге аян. Сол себепті, құндылықтарымызды тәлімдеу мақсатында аталған курсанттармен қарттар үйіне бардық. Олар үшін немерелеріндей болған курсанттар қарттар  жүрегінен жылулық тапты. Сонымен қатар, курсанттар қарттарға көмек қолын созып, ер балалар аула сыпыру, жапырақ жинау, теректерді суару сияқты тазалық жұмыстарын жүргізді. Ал қыздар қауымы үйдің ішкі жұмыстарымен айналысып, қарттардың жүзіне күлкі сыйлады. Бірнеше уақытқа созылған қарттармен кездесуде курсанттар бойына алған әсерлерімен бөлісті.

«Бүгінгі біз барған қарттар үйіндегі әрбір қарт біз үшін ата-анамыздай, ата-әжеміздей. Қарттарымыздың көзінен жылулық байқадық. Олар бізді немерелеріндей қарсы алды, біз оларға ризамыз» – деп, бірінші курстың білім алушылары өз ниеттерін білдірді.

Шындығында да, қарттарға қамқор болу — біздің басты міндетіміз. Біздің әрқайсымыздың ата-әжелеріміз, әкеміз, анамыз бар. Олар бізді дүниеге келген сәтімізден бастап, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсірді. Дәл сол секілді бізде ата-анамызды қартайған шағында жалғыз қалдырмай, көңіліне қаяу салмай, қамқор болуымыз керек. Себебі қазақ халқында, «Алланың разылығы — ата-анада» делінген. Сол себепті, еліміздің еңсесін көтеретін де, биіктететін де қарттарымыз. Бүгінгі жасаған игі ісімізге қарттар бар ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, курсанттарға өмірден алған тәжірбиесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып, батасын берді. Бата алып, игі іс атқарған курсанттар үшін бүгінгі күн ерекше болғаны анық.

 

Курс бастығының орынбасары

полиция капитаны Ш.Т.Елтаев

ТЖБ инспекторы

полиция аға лейтенанты Б.С.Елеусизов

1А курсының курсанттары