2017 жылғы 18 қыркүйекте ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесі қызметкерлері қазақ әдеби тілінің негізін қалаған, ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған «Ұлы Абай тағылымы» атты әдеби-сазды шығармашылық кешпен тіл апталығының салтанатты ашылуын ұйымдастырды. Кештің мақсаты – өз тілі мен әдебиетіне, туған жері мен тарихына деген құрмет пен мақтаныш сезімдерін ояту, курсанттардың сөйлеу тілін дамыту және мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту, патриоттық сезімдерін тәрбиелеу.
Әдеби кеште көрермендер назарына 1 курс курсанттары Абайдың өлеңдерін оқып, ақын өмірі туралы фильм көрсетілді, қара сөздерінің аудиожазбалары мен әндері орындалды.
Ақтөбе облыстық халық шығармашылық Үйінің әртісі, халық әндерін орындаушы Қуанышкүл Қалымқызы Серікбаева Абай әндерін ерекше шеберлікпен орындап, оны композитор қырынан танытуға көмектесті. Өз кезегінде С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық ғылыми әмбебап кітапхана қызметкерлері Абайдың шығармалар жинақтары мен оның шығармашылығына арналған өзге авторлардың еңбектерінен көрме ұйымдастырып, курсанттарға өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты мағлұмат берді.
Кеш өте тартымды өтіп, курсанттарға Абайды әртүрлі және жаңа қырларынан тануға мүмкіндік берді, себебі, Абай – феномен, оның шығармашылығын әдебиетші ғалымдар әлі күнге дейін зерттеу үстінде.
Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесі