Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

ҮШ ТІЛДІ БІЛУ — ЗАМАН ТАЛАБЫ

Қазақстан Республикасы ІІМ

М.Бөкенбаев атындағы

Ақтөбе заң институтының

күндізгі оқу факультетінің

Аға оқытушы-әдіскері

полиция майоры А.С.Галиуллина

Қазақстан Республикасының негізгі заңы — Конституциясында көрсетілгендей, еліміздің мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілі – ұлттық руханиятымыздың тірегі. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту және оның мәртебесін жоғары көтеру – еліміздің әрбір азаматының міндеті. Кез келген ұлттың ерекшелігі – оның тілінде. Қазақ тілі ұлтты танытатын басты белгі екенін әр уақытта ұмытпауымыз керек.

Ал үш тіл білу біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады. Қазақстан Республикасының шет елдермен халықаралық байланыстары күннен-күнге арта түсуде. Сол байланыстарды дамыту үшін көп тіл білетін жас ұрпақ тәрбиелеу қажет-ақ.

Елбасының мақсаты – еліміздің азаматтарынан өмірден өз орнын таңдай алатын өзара қарым – қатынаста өзін еркін ұстап, белгілі бір ғылым саласында білімі мен білігін көрсете алатын, көптілді және көпмәдениетті, басқа дамыған елдердің азаматтарымен тең иық тіресіп, білімімен санаса алатын жеке тұлға қалыптастыру. Елбасы саясатының астары өте тереңде. Еліміз әлемдік аренаға шығуы үшін ағылшын тілін жетік меңгерген мәңгілік Елге айналуы қажет. «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» деген сөз еліміздің азаматтарының түгелдей үш тілділікті меңгеруі үшін айтылғандай.

Намысын найзаға шаншып, көк Тәңірге табынған қазақ ұрпағына ағылшын тілін үйрену қиындық ете қоймас.

Еліміздің өркендеп, дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін билік «үш тұғырлы тіл» саясатын дамытуда. Ақпараттық техниканың дамыған заманында тілді үйрену қиындық тудырмайды, қайта көп тіл білген ұрпағы бар елдің, көркеюі үстіне көркейе беруге мүмкіндігі болады. Бірақ қазақ баласы отбасында қазақы рухпен тыныстап, ана тілінің нәрлі уызына жарып, ұлттық рухани тәрбиенің қайнар бұлағынан сусындап өсуі қажет. Отбасында ана тілінде тәрбиеленіп, қазақы қасиетпен жетілген бала, қанша тіл үйренсе де, қай мемлекетте жүрсе де өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетін жоймайтын, қызуқанды қазақ болып қала береді.

 

 
03280218