Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

Рәміздердің 25 жылдығы аталып өтті

2017 жылғы 5 маусымда ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң инстиутында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты саптық жиын өтті. Жиынға институттың  басшылығы мен жеке және ауыспалы құрамдары қатысты.

Мемлекеттік рәміздер – біздің елдігіміздің мызғымас негіздерінің бірі болса,  олардың ел тәуелсіздігінің қасиетін, біріктіруші бейнесін танытатыны сөзсіз. Сол еліміздің айшықты рәміздеріне деген ерекше қарым-қатынас жасау және оларға айрықша сыйластықты үстем ету мақсатында өткізілген аталмыш жиын мемлекеттік Әнұранның шырқалып, мемлекеттік Тудың көтерілуімен ашылды. Алдымен, институттың жеке құрам бойынша бұйрығы жарияланып, аты аталған қызметкерлерге кезекті арнаулы атақтары беріліп, пагондары табыс етілді. Жарияланған бұйрықтан соң, жиынның басты оқиғасы – рәміздерді алаңға  алып шығу рәсімі өткізілді. Рәсім барысында егемендік пен біртұтастықты айқындайтын «Тәуелсіздік нышандарына» құрмет көрсетіліп, олардың  қабылдау тарихы, биік мәртебесі  мен  маңыздылығы туралы баяндама оқылды. 1-курс курсанттары Кеңшілік Мырзабеков, Исраил Сапарбаев және Бақытбек Бәмішұлы сынды ақындардың рәміздерді ұлықтайтын жыр жолдарынан өлеңдер оқып, ән шырқады.

Патриоттық көңіл-күймен басталған жиын институттың жеке және ауыспалы құрамының салтанатты шеруімен аяқталды.

А.Кабиева

Мемлекеттік тіл және ақпарат

бөлімшесінің инспекторы