Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

«Шырқа, гитара – 2018» студенттік әндер фестивалі

2018 жылғы 16 қарашада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайының сахнасында алғаш рет облыстық «Шырқа гитара – 2018» студенттік әндер фестивалі өтті. Аталмыш шараға Ақтөбе қаласының жоғары оқу орындарының өнерпаз студенттері қатысты. Ән фестивалі Халықаралық студенттер күні қарсаңында Астана қаласының 20 жылдығы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында арнайы ұйымдастырылған болатын.
Шараның басты міндеті – студенттік әндер жанрын дамыту, жастардың мәдени және рухани дәрежесін көтеру, Ақтөбе қаласының оқу орындары арасындағы қарым-қатынасты дамыту, интернационалды идеяларды дәріптеу, жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту.
Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы заң институты атынан фестивальға 1 А курсының курсанттары А.Ковалева, Н.Айдосқызы және С.Ахметжан, 2 А курсының курсанттары А.Толеуғалиев, Б.Тлепов және 2 Б курсының курсанты Б.Нарынбай өнер көрсетті.   
Фестиваль қорытындысы бойынша «Ретро ән» номинациясын 2 Б курсының курсанты Б.Нарынбай жеңіп алса, «Патриоттық ән» номинациясына 1 А курсының курсанты Н.Айдосқызы ие болды.
Жастардың өнерін бағалаған әділқазылар қатарында Ақтөбе қалалық Жастар ресурсы орталығының басшысы, ҚР үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Жандос Табылғанов, Жұбанов университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар ісі жөніндегі департамент директоры Қарлығаш Сатыбалдина, ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының тәрбие жұмысы бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Зарина Мухангалиева және М.Оспанов атындағы БҚММУ жастар саясаты бөлімінің маманы Ақмарал Смағұловалар болды. Барлық қазылар алқасының мүшелеріне фестивальді ұйымдастыруға ат салысқаны үшін Жұбанов университетінің ректоры Б.Ердембеков атынан арнайы Алғыс хаттар табысталды.
Жеңімпаздар номинациялар бойынша дипломдарға және фестиваль демеушілері – «Менің таңдауым Ақтөбе» қоғамдық бірлестігі және Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы атынан сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ жеңімпаз қатарынан табылмаған барлық қатысушылар да Алғыс хаттармен марапатталды.

ТЖБ инспекторы
полиция капитаны
З.А.Мухангалиева

 
05253027