2018 жылғы 4 маусымда тәрбие жұмысы бөлімі мен мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесінің ұйымдастыруымен ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының саптық алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға институттың тұрақты және ауыспалы құрамы мен Ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Салтанатты шара Мемлекеттік Гимнмен басталып, институт бастығының орынбасары полиция полковнигі Д.А.Дәулетияровтың құттықтау сөзімен жалғасты. Ол жиынға қатысушыларды Рәміздер күнімен құттықтап, рәміздерді тәуелсіздігіміздің нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе берілетіндігін атап өтті. Ардагерлер кеңесінің мүшесі отставкадағы милция полковнигі С.Р.Рзабеков сөз алып, институт қызметкерлері мен курсанттарға шұғылалы тілегін білдірді. Жиында институт бастығының мерекелік бұйрығы жарияланып, оқуда озат болып, қоғамдық өміріне белсене атсалысқаны үшін 1 курс курсанттарына «полиция кіші сержанты» арнаулы атағы берілді.
Аталмыш шарада Мемлекеттік рәміздердің сипаттамасы оқылып, қысқаша шолу жасалды. Сондай-ақ, рәміздердің геральдикалық элементтерінің беретін мағынасына, ұғымдарына жеке-жеке тоқталды. Салтанатты бөлім әрі қарай «Көк тудың желбірегені» әнімен әрленіп, институт тұрақты және ауыспалы құрамының салтанатты шеруімен аяқталды.
Шара соңында институт басшылығы, факультет, кафедра, бөлім бастықтары мен Ардагерлер кеңесінің мүшелері институт аумағына шырша көшеттерін отырғызды.
Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесі